• 0
  • 5
  • 77
  • 498
  • 2  143
  • 9  735

Кітапхана тарихы

Л.Н.Гумилев  атындағы  Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасының тарихы 1962 жылы негізі қаланған Целиноград педагогикалық институтының шағын кітапханасынан басталады.

1989 жылы кітапхана қорының өсуіне байланысты жеке типтегі ғимаратқа көшірілді, кітапхана құрылымына өзгерістер енгізіліп, 4 оқу залы мен 5 абонемент және қор жинақтау бөлімдері ашылды.

1996 жылы 23 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  ұйғарымымен Целиноград педагогикалық институты мен Целиноград инженерлік-құрылыс институтының бірігуіне сәйкес Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университеті құрылды. Институттармен бірге олардың кітапханалары да бірікті, кітапхананың дамуына өте үлкен көңіл бөлінді.

1998 жылы ҚР Білім министрлігінің 3 тамыздағы № 428 бұйрығына сәйкес Еуразия университетінің Ғылыми кітапханасы Астана қаласы мен Ақмола облысының жоғары және орта арнаулы оқу орындарының әдістемелік орталығына айналды. Негізгі міндеті өзіне қарасты кітапханаларға әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетумен бірге кітапхана ісі туралы жаңа технологиялық инновациялық жұмыстарды енгізу жүктелді.

2001 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №924 (06.07.2001ж.) Қаулысымен университет кітапханасы базасында «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы ашылды. Ғылыми орталықтың негізгі мақсаты сирек кітаптар мен қолжазбалар жинау, қазақ жазбаларын ғылыми зерттеу, сақтау және оларды жүйелеу, сондай-ақ университеттің оқу үдерісіне қажетті оқулықтармен, ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету болып табылды.

 2008 жылы электрондық кітапхана құру ісі қолға алынды және кітапханалық-библиографиялық үрдеріс автоматтандыру жүйесі жаңа «КАБИС» бағдарламасының негізінде жүргізілді.

2009 жылы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының бұйрығымен (27.04.2009 ж. №456) «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығынан бөлініп, «Университеттің ғылыми кітапханасы» болып қайта құрылды.

Ғылыми кітапхананың негізгі бағыты – университет профиліне сәйкес сапалы кітап қорын жинақтау, оқырмандарға тиімді ақпараттық орта құру және ақпарат ресурстарын пайдалануына мүмкіндік беру, кітапхана қызметін автоматтандыру, электрондық кітапхананы жетілдіру.

Бүгінгі таңда ғылыми кітапхана университеттің ақпарат орталығы болып табылады, өзінің жеке сайты мен порталында электрондық ақпарат ресурстары, «ЕҰУ ғалымдарының еңбектері» базасы мен әр түрлі мәліметтер базасы, сандық көшірмеленген құжаттар коллекциясы орналасқан.